Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Криминалист Сержан Сәбитовтың кәсіби жолы

Криминалистика – ғылым мен тәжірибені тоғыстырып, ұсақ детальдар арқылы қылмыстың бүге-шігесіне дейін ашуға мүмкіндік беретін ерекше сала. Оқиға орнында қалған із, саусақ ізі, қан тамшысы немесе аяқ киімнің табаны – барлығы да қылмыстың толық көрінісін қалпына келтіруге жол ашады. Осы жауапты әрі күрделі бағытта еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – Атырау облысы полиция департаменті жедел-криминалистика басқармасының криминалисті Сержан Сәбитов туралы Polisia.kz сайты аз-кем баяндап бермек.

1992 жылы Атырау қаласында дүниеге келген ол мамандық таңдауын кездейсоқ жасамаған. Құқық қорғау саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарған әкесінің адалдығы мен жауапкершілігі Сержанға өнеге болып, оның да өмірлік жолын айқындады.

2013 жылы құқық қорғау органдарындағы еңбек жолын бастаған ол 2017 жылдан бері криминалистика саласында қызмет атқарып келеді. Заңгер мамандығы бойынша алған білімі әрбір істің құқықтық қырын терең түсінуге және дәлелдерге сүйене отырып нақты қорытынды жасауға мүмкіндік беруде.

– Криминалистика – дәлдік пен байқағыштықты талап ететін сала. Кейде көзге байқалмай қалған ұсақ дерек шешуші рөл атқарады. Бір ғана қарапайым зат қылмыстың толық көрінісін ашуға себеп болуы мүмкін. Біздің міндет – көзге түсе қоймайтын, бірақ аса маңызды белгілерді анықтау, – дейді Сержан Аянұлы.

Ол түрлі қылмыс орындарында қызмет атқарып, күрделі істерге қатысқан. Әсіресе, бала өліміне байланысты істер оның есінде ерекше сақталып қалған.

– Мұндай оқиғалар ешқашан ұмытылмайды. Жұмыс кәсіби салқынқандылықты қажет етеді, дегенмен адам ретінде жүрекке әсер етпей қоймайды. Әр істің артында тағдыр жатыр. Тергеу кейде бірнеше күнге, тіпті апталарға созылады. Бірақ қателікке жол беруге болмайды, – дейді ол.

Қылмысты ашуда криминалистің рөлі зор. Ол оқиға орнын жіті қарап, айғақтарды жинап, зертханаға жолдайды. Сараптамалардың нәтижесіне сүйеніп, нақты қорытынды жасайды. Мұның бәрі білімділікті, байыптылықты және кәсіби жауапкершілікті қажет етеді.

Қызметіне адалдықпен қараған Сержан Сәбитов бүгінде тәжірибесі мол мамандардың қатарында.

– Асықпаңдар. Байқағыш болыңдар. Әрбір бөлшекті есте сақтаңдар. Бәрін білемін деуге болмайды – тәжірибе тек жұмыс барысында қалыптасады. Кәсібіңді құрметте, бірақ ең бастысы – адамгершілікті жоғалтпаңдар, - деп кеңес береді  Сержан жас әріптестеріне.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру