Криминалистика әлеміне саяхат
Талдықорғанда оқушылар мен студенттер криминалистика әлеміне саяхат жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорғанда №27 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушылары мен индустриялық колледж студенттері Жетісу облыстық полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасына танымдық экскурсия жасады.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі криминалистиканың маңызын көрсету, жастарды заманауи тергеу әдістерімен таныстыру және болашақ мамандарға құқық қорғау саласында кәсіби бағдар беру.
Экскурсия барысында қатысушылар криминалистикалық зертхананың жұмысын көріп, дәлелдемелерді жинау және талдау әдістерін меңгертетін заманауи құрал-жабдықтармен танысты. Мамандар нақты тергеу тәжірибесінен мысалдар келтіріп, оқушылар мен студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жас буынға криминалист мамандығының маңызын түсіндіріп қана қоймай, заңға және құқықтық тәртіпке құрмет сезімін қалыптастырады.