Криминалистика саласында бірге қызмет етіп жүрген отбасы
Жетісу облысы полициясының сапында тек кәсіби шеберлігімен ғана емес, отбасылық құндылықтарымен де үлгі болып жүрген әулеттер аз емес. Солардың бірі – Мұқажан Тұрысбек пен Сезім Есмаханның отбасы туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Олардың таныстығы 2015 жылы Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында басталып, төрт жыл бойы бірге білім алумен жалғасты. Криминалистика саласының қыр-сырын меңгерген қос жас 2019 жылы оқу орнын тәмамдап, сол жылдың қыркүйегінде шаңырақ көтерді. Бүгінде ерлі-зайыптылар Ясина мен Имран есімді екі перзенттің ата-анасы.
Отбасылық өмірмен қатар, кәсіби жолда да қатар қадам басқан олар қазір де бір салада қызмет етіп жүр. Мұқажан Мұхаметәліұлы – Жетісу облысы полиция департаменті жедел-криминалистика басқармасының аға криминалисті. Ал зайыбы Сезім Дарханқызы – Талдықорған қалалық полиция басқармасының жедел-криминалистика бөлімінде аға криминалист болып еңбек етуде.
Криминалист мамандығы – жоғары жауапкершілік пен ұқыптылықты, кәсіби білім мен тәжірибені талап ететін күрделі сала. Осындай сындарлы қызметте ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген қолдауы мен түсіністігі табысқа жетудің басты кепілі екенін олар өз өмірімен дәлелдеп келеді.
Мұқажан мен Сезімнің өмір жолы – отбасылық берекенің, мамандыққа адалдықтың және қоғам алдындағы борышты абыроймен атқарудың айқын үлгісі. Олардың әулеті жас мамандарға жігер беріп, полиция қатарында қызмет етудің абыройлы миссия екенін көрсетеді.