Қылмысты ашу – тек тергеушінің ғана емес, криминалист мамандардың да мұқият еңбегінің нәтижесі. Дәл осы мамандар оқиға орнындағы іздерді тіркеп, дәлелдемелерді жинап, арнайы зерттеулер жүргізу арқылы шындыққа жетуге көмектеседі. Криминалист мамандардың қызметтегі бір күні туралы ақпаратты Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Павлодар облысында он жылдан астам уақыт бойы осы салада қызмет етіп келе жатқан аға криминалист Юрий Духновский өз кәсібінің қыр-сырын жетік меңгерген тәжірибелі мамандардың бірі.
Юрий Духновский криминалистикаға бірден келген жоқ. Ол еңбек жолын 16 жыл бұрын Екібастұз қаласында тергеуші қызметінен бастап, төрт жылдан кейін криминалистика саласына ауысу туралы шешім қабылдаған. Арнайы дайындықтан өтіп, тәжірибелі әріптестерінің қолдауына сүйене отырып, ол бүгінгі таңда бірнеше бағытта сараптама жүргізе алатын әмбебап маманға айналды.
– Полиция қызметкері болу, адамдарға көмектесу маған әрдайым ұнайтын. Бала кезімде детективтерді көп оқыдым, сол қызығушылық кейін кәсіби жолымды таңдауыма әсер етті. Қазіргі таңда менде бес түрлі зерттеу жүргізуге рұқсат бар: суық қару, дактилоскопиялық, трасологиялық, баллистикалық және психофизиологиялық сараптамалар. Қызметтік міндеттеріме оқиға орнына барып, жағдайды тіркеу, дәлелдемелер мен саусақ іздерін анықтау және жинау кіреді, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасының аға криминалисті.
Криминалист жұмысының маңызды бағыттарының бірі – психофизиологиялық зерттеулер жүргізу, оның ішінде полиграф қолдану. Бұл құрал адамның физиологиялық реакцияларын тіркеу арқылы оның эмоционалдық күйін анықтауға мүмкіндік береді. Мамандар әрбір тексеруге алдын ала мұқият дайындалады: сұрақтарды әзірлейді, іс материалдарын зерттейді және тексерілушінің психологиялық жағдайын ескереді. Процедура бірнеше сағатқа созылуы мүмкін, өйткені дәл нәтиже алу үшін адамның тыныс алуы, жүрек соғысы, қан қысымы мен тері реакциялары сияқты көрсеткіштер жан-жақты талданады.

Маманның айтуынша, полиграф шындықты тікелей анықтамайды, бірақ адамның белгілі бір ақпаратты жасыруы мүмкін екенін көрсететін реакцияларды тіркейді. Адам қобалжығанда немесе жалған ақпарат бергенде, бұл оның физиологиялық көрсеткіштерінен байқалады. Осындай зерттеулердің нәтижесі сотта судьяның шешімімен ескерілуі мүмкін.
Полиграфты қолдану арқылы Юрий Духновский бірнеше қылмысты ашуға үлес қосқан. Соның бірі – екі жыл бұрын болған тонау дерегі. Қылмыскерлер жеке үйге заңсыз кіріп, иелерін байлап, бағалы заттары мен ақшаларын алып кеткен. Жүргізілген зерттеулер мен жиналған дәлелдемелер қылмыскерлерді анықтауға көмектесті.
Криминалист жұмысы сырт көзге байқала бермейтін, бірақ аса жауапты қызмет. Бұл мамандық үлкен физикалық күшті талап етпегенімен, эмоционалдық тұрғыдан ауыр болуы мүмкін. Әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарды тергеу мамандар үшін ең күрделі жағдайлардың бірі саналады.
Осындай ауыр жүктемеге қарамастан, Юрий Духновский өз кәсібіне адал. Оның айтуынша, жұмыстағы қиындықтарды жеңуге отбасының қолдауы мен азаматтардың қауіпсіздігі үшін қызмет ету жауапкершілігі көмектеседі. Криминалист үшін ең үлкен марапат – әділдіктің орнап, кінәлі адамның заң алдында жауап беруі.
