Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Квест емес – тергеу: Қарағандыда балалар нағыз полиция жұмысын көрді

Қарағандыда ерекше форматтағы тәрбиелік іс-шара өтті. Мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері "Мен полицеймін" атты квест-ойын аясында қылмысты ашуға атсалысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара Қарағанды облыстық полиция департаментінің базасында ұйымдастырылып, балаларға нағыз тергеу жұмыстарының атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді.

Ойын сюжеті шынайы оқиғадай өрбіді — белгісіз біреу самокатты "қолды қылды". Бұл "қылмысты" ашу – жас полицейлерге жүктелді. Балалар полиция қызметкерлерінің басшылығымен оқиға орнын тексеріп, дәлелдер жинап, куәгерлерден жауап алып, логикалық тұжырымдар арқылы қылмыскердің ізіне түсті. Тергеу барысында оларға қызметтік көліктер мен Тайга есімді арнайы үйретілген ит көмектесті.

Балалар өздерін нағыз тәртіп сақшылары ретінде сезініп, топпен жұмыс істей отырып, жоғалған самокатты тапты және "қылмыскерді" шартты түрде ұстады. Бұл квест тек көңілді ойын ғана емес, сонымен қатар маңызды тәрбие құралына айналды. "Заң мен Тәртіп" қағидатын қалыптастыру және "Қазақстан балалары" концепциясы аясында өткізілген.

"Мен полицеймін" жобасы балаларға құқық қорғау органдарының қызметін жақыннан таныстыруға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Іс-шараға қатысқан оқушылар мен ата-аналар, сондай-ақ педагогтер ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай форматтағы жобалардың маңызын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру