Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе заң институтында "Жас сақшы" полиция сыныбының алғашқы түлектерін шығарып салу рәсімі өтті

ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында "Жас сақшы" полиция сыныбының алғашқы түлектерін салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл – ІІМ-нің ведомстволық оқу орындары мен полиция департаменттері жанынан құрылған кадет сыныптарының тұңғыш түлегі екенін атап өткен жөн.

Іс-шараға Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы А. Жүсіпов, Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Б. Күзембаева, Ақтөбе қаласы білім бөлімінің басшысы Ә. Латыпов, Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясының директоры Г. Әбдіғалиева, ішкі істер органдарының ардагерлері және бітіруші кадеттердің ата-аналары қатысты.

Салтанатты жиында институт басшылығы мен құрметті қонақтар жас түлектерге жылы лебіздерін білдіріп, 19 кадетке арнайы сертификаттар табыстады.

Бұл жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №897 қаулысына сәйкес әзірленген "Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019–2021 жылдарға арналған жол картасы" аясында бастау алған болатын. Осы құжатқа сай, жастарды құқық қорғау органдарының қызметіне мектеп қабырғасынан бастап бейімдеу көзделген. Нәтижесінде 2019 жылы Ақтөбе қаласындағы Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясында алғашқы "Жас сақшы" сыныбы құрылды. Кейін, 2020 жылы М.Дулатов атындағы №63 мектеп-лицейінде де кадет сыныбы ашылды.

Бүгінде №41 мектеп-гимназиясында 5 кадет сыныбында 102 оқушы, ал №63 мектеп-лицейінде 2 сыныпта 47 оқушы білім алуда. Бұл оқушылар – тәртіп пен жауапкершілікті ту еткен, болашақта құқық қорғау қызметін таңдауға ниетті өрендер.

Кадет сыныбына қабылданған оқушылар арнайы іріктеуден өткен, талапты әрі ынталы жеткіншектер. Олар құқық қорғау саласының тәртібі мен талаптарын терең меңгеріп, қосымша пәндерді оқиды, үй тапсырмаларын орындайды, тәртіпке негізделген күн тәртібімен өмір сүреді. Сонымен қатар жол қозғалысы ережесі, алғашқы әскери дайындық, шендер мен әскери тәртіп секілді салалық бағыттарда білім алады. Өз қабілеттерін самбо, қоян-қолтық ұрыс, волейбол және басқа спорт түрлері бойынша жетілдіреді.

Түлектердің жартысы полиция қызметін таңдауға ниетті болып, Ақтөбе заң институтына түсуге ынта білдірді. Ал бұл жолды таңдамағандардың өзі қоғамға пайдалы, заң мен тәртіпті құрметтейтін саналы азамат болып қалыптасарына сенім мол.

"Жас сақшы" — бұл тек мамандыққа қадам емес, болашаққа берік бағыт.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру