Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Махамбеттің 100 өлеңін жатқа оқитын полицей

Ұлытау облысында қазақ халқының азаттығы үшін күрескен батыр ақын Махамбет Өтемісұлының 100 өлеңін жатқа оқитын полицей қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Биыл аңыз адам, халқының азаттығын көксеген күрескер, ел бастаған батыр, қазақтың өр рухты сыншыл ақыны Махамбет Өтемісұлының туғанына – 221 жыл. Өз заманында өршіл ақын көтерілісшілердің талап-тілектері мен халықтың мұң-мұқтажын жалынды жырларымен бейнелеген. Қазақ халқының азаттығын аңсаған біртуар тұлғаның 100 өлеңін жатқа оқитын сақшыны бүгінгінің жастарына үлгі етіп, оқырман қауымның назарына ұсынсақ дейміз.

Үркер Үкматов – тарихы терең Тараз шаһарында дүниеге келген. Дәл сол қалада Жамбыл Жабаев атындағы №5 мектеп-гимназиясында білім алған. Ол бала кезінен оқуда озат, зейінді, зерек болған. Ұстаздарынан шәкірті туралы сұрай қалсаңыз, тек жағымды пікір естисіз. Махамбеттің рухты жырларынан нәр алып өскен оқушы Үркер поэзияға деген қызығушылығының арқасында қалалық, республикалық байқауларда топ жарған. Батырдың рухты өлеңдерінен күш алған оқушы бәйгенің басын бермеген.

Ел қорғанының сөзіне сүйенсек, оның осындай жетістіктерінің артында ұстазы Шахризада Үсерованың көп еңбегі жатыр. 11 жыл білім нәрімен сусындатып, сапалы білім мен саналы тәрбие берген мектебін үздік тәмамдаған Үркер бас қаламыздағы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті филиалының студенті атанды. Оқуын тәмамдаған соң ішкі істер органдарында қызмет етуге бел буған. Бүгінгі таңда ұлтымыздың алтын бесігі – Ұлытау облысында полиция департаменті тылдық қамтамасыз ету басқармасының бас маманы лауазымында қызмет етеді.

Бала жастан қалыптасқан әдеттің арқасында полицей қызметтің жүгі қанша ауыр болса да, қолы қалт еткенде кітап оқуға, кітапханаға баруға уақыт табады. Погон таққан азаматтың арасында қолына қалам ұстап, өлең жазатыны да бар екен. “Жігітке жеті өнер де аз” деген қағиданы ұстанатын полицей қазақтың ұлттық аспабы домбыраны да үйренуді жоспарлап жүр екен.

Үркерде бәрінің бойынан табыла бермейтін бір артықшылық бар. Ол ешқашан болдым, толдым демейді. Көп оқысам деген іштегі қызығушылықтың арқасында бүгінде қазақтың ұлы ақыны Абай мен ақиық ақын Мұқағалидың өлеңдерін жаттап жүр.

“Жастайынан әдебиет әлеміне бір табан жақын Үркер темірдей тәртіптің ордасына қалай келді?” деген сұрақтың жауабы бізді қызықтырмай қоймады.

– Мен полицияға әке жолын қуып келгенмін. Әкемдей елге адал қызмет ету менің мақсатымның алды еді. Бүгінде Ұлытау облысының полиция департаменті тылмен қамтамасыз ету басқармасында қызмет етемін. Әдебиет, поэзия – менің өмірімнің өрнегі. Бала кезден бойға сіңген өнер. Әр адамның  жаны рахат табатын ісі болады. Ол – менің шығармашылық әлемім. Сол әлемнен жаным тыныштық табады. Алайда қызметім қашан да бірінші орында тұрады. Себебі осы жолды таңдағанда ант бергенмін, – дейді Үркер.

Үркер – қызметте кәсіби маман болса, үйде отбасының қорғаны, өмірлік жарының арқа сүйері, екі ханшайымның ардақты әкесі. Ол қыздарының сөзі анық, ойы жетік болу үшін түрлі өлеңдерді жаттатқызады екен.

Өнерлі Үркерге қызығып қарайтын әріптестері де, достары да жетерлік. Айтуынша, тек үйде емес, жұмыс соңында әріптестеріне де дала серісі – Махамбеттің жалынды жырларын жиі оқып береді екен. Мұндағы мақсат – ұжымдастарын сергіту, жігер сыйлау.

– Махамбеттің өшпес жырларынан асқақ рух пен болашаққа деген сенімнің ерекше үлгісін байқауға болады. Мен жаттаған 100 өлеңнің орны ерекше. Әрқайсысының өзіндік айтары бар. Мұндай жырлардан қуат аламыз. Оларды оқудан жалықпауымыз керек. Жас ұрпаққа мұндай рухты жырларды насихаттауды, мән-мағынасын ұғындыруды тоқтатпауымыз керек, – деді тәртіп сақшысы.

Үркердің сөзіне таласымыз жоқ. Өзі арман еткен ақ жолда қанын төгіп, жанын аямаған ержүрек батыр Махамбеттің ерлікке баулитын өлеңдерін артында қалған ұрпағы ұмыттырмаса, халықтың арыстай ұлына көрсеткен мәңгілік құрметі емес пе?! Осы орайда айта кеткен жөн, ішкі істер органдарында Үркер секілді құрмет көрсетудің үлгісі болып жүрген сертке берік тәртіп сақшыларының қатары көп.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру