Мал бағуға шыққан 8 жастағы бала жоғалып кетті
Түркістан облысының полицейлері жоғалған сегіз жасар баланы тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, өзінің сегіз жастағы ұлы сағат 16:30 шамасында үйінен мал бағуға шығып кетіп, содан қайта оралмағандығын жеткізген. Аталған жайт Жетісай АПБ-мен тіркелді.
Кәмелет жасына толмаған жасөспірім баланы аман-сау табу мақсатында аудандық полицейлер, әкімшілік қызметкерлері және еріктілер бірлесіп, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Полицейлер ауыл ішін, көше-көшенің әрбірін мұқият қарап шықты. Іздестіру жұмыстары жайылымдық, егістік алқаптарында, арық-каналдар да жүргізілді. Соның нәтижесінде учаскелік полиция инспекторы Сапархан Кайпов пен әкесі із-түссіз жоғалған баланы таңертеңгі сағат 08:30 шамасында ауыл жанынан, егістіктен тапты.
Тергеу барысында бала малдарын таппай қалғандықтан, үйіне қайтуға қорқып, өзінің үйінің жанындағы отын арасында ұйықтағанын жеткізді. Содан кішкентай бала таң ата салысымен қайтадан малдарын іздеп шыққаны белгілі болды. Қазіргі таңда баланы қараусыз жіберген ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда.
Өз кезегінде баланың туыстары полицейлер мен еріктілерге алғыстарын жаудырды.
– Кішкентай баламызды дін-аман тауып көмек бергендері үшін, түні бойы іздестіріп соңында жақсы хабармен оралып, баламызды қолымызға табыстағаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. Жұмыстарыңыз алға баса берсін, – дейді туыстары.
Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға кәмелет жасына толмаған балаларыңызды қараусыз қалдырмауды, үйден жалғыз шығармауды ескертеді.