Мал іздеп жүріп адасқан тұрғын табылды
Атыраулық полицейлер мал іздеп жүріп адасқан тұрғынды аман-есен үйіне қайтарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Индер аудандық полиция бөліміне 20 қыркүйек күні сағат 22:00 шамасында Өрлік ауылының тұрғынынан осы ауылға қарасты "Көкат" шаруа қожалығының жұмысшысы 51 жастағы Аманкелді Есов мал айдап белгісіз бағытқа кетіп, қайта оралмағаны туралы хабарлама келіп түсті.
Аудан полицейлері жедел іздестіру жұмыстарын хабарлама түскен сәттен бастағанымен, бір күн бойы іздестіру шарасы ешқандай нәтиже бермеген. Полиция қызметкерлері іздестіру жұмыстарын тоқтатпай, нәтижесінде келесі күні яғни 22 қыркүйек таңғы сағат 03:30 шамасында Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы Мәштісай ауылының "Сабила Құдық" учаскесінің шабындық жерінен тапты.
Жолдан адасып, екі күн бойы азықтанбаған, әбден әлсіреп, оның үстіне жауын астында қалған азаматқа полицейлер дереу алғашқы көмек көрсетіп, киімдерін ауыстырып, аман-есен үйіне жеткізді.
"Көкат" шаруашылығының қожайыны Индер ауданының полицейлеріне жұмысшы Аманкелді Есовты дер кезінде тауып, көмек көрсеткендері үшін алғысын жеткізді.