Мал ұрлаған екеу ұсталды
Түркістан облысының полицейлері мал ұрлаған екі азаматты ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай ауданының ПБ-ге көрші тұратын жергілікті екі тұрғын арызданған. Олар өз арыздарында белгісіз біреудің үйлерінің ауласында орналасқан қораларына заңсыз кіріп, бірінің екі бас қойын, енді бірінің бір қошқарын ұрлап кеткенін көрсеткен.
Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 200 мың теңгеден астам. Бұл факт бойынша ҚР ҚК-нің 188-1-бабымен (Мал ұрлау) қылмыстық іс қозғалды.
Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, куәгерлерден жауап алды, сондай-ақ мал таситын автокөліктерді және мал сататын орындарды тексерді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері мал ұрлаған азаматтарды анықтап, екі күдіктіні ұстады. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты. Күдіктілер ұрланған малдарды таныстарының үйіне апарып жасырған.
Полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында күдікті азаматтар арам пиғылдарын жүзеге асырып үлгермеген. Тәртіп сақшылары ұрланған қойларды тәркілеп, иелеріне табыстады.
Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғындарына малдарын қараусыз қалдырмау қажеттілігі туралы ескертеді.