Мал ұрлаудың сегіз фактісі тіркелді
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан мал ұрлаудың сегіз фактісі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күн жылысымен солтүстікқазақстандықтар қорадағы малдарын еркін жайылымға шығара бастайды. Полицейлер айтып өткендей, бұл мал ұрылары үшін қолайлы.
«Мал ұрлығының алдын алу шаралары үнемі жүргізіліп тұрады, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының басшысы Петр Климов. – Полиция қызметкерлері әкімдік пен ветеринария қызметінің өкілдерімен жұмыс кездесулерін өткізеді. Ауыл тұрғындарына малдарды ұжымдық жайылымға шығару қажет екенін түсіндіреді. Карантинге байланысты мұндай жұмыстарды тоқтатуға тура келді. Сондықтан мал ұрлығының басым бөлігі еркін жайылымда жасалатынын тағы еске саламыз. Малдарды сақтап қалудың дұрыс жолы – жергілікті әкімдікпен, мал иелері мен бақташылардың арасында үшжақты келісімге отыру. Бұл ретте аулалардағы қора-қопсының да берік болғаны абзал…».
8 сәуір күні Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, үйінің маңынан қойының жоғалғанын айтқан. Тәртіп сақшылары куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды байқады, криминалдық есептерде тұрған аудан тұрғындарын тексерді. Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен 1988 және 1995 жылдары туған жергілікті екі тұрғын анықталды. Күдіктілерден қойдың мүшеленген етінің бір бөлігі тәркіленді. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабының 3-бөлігі (мал ұрлау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында барлығы сегіз мал ұрлығы тіркелді. Оның жетеуі ашылды. Өткен жылдың дәл осы кезеңінде 24 факті тіркелді. 22-сі өндіріспен аяқталды. Аудандарда ұрланған малдарды, мүшеленген етті алып өтуі мүмкін жолдар мобильдік топтардың ұдайы бақылауында тұр. Блок-бекеттер арқылы тасымалданатын малдардың, ет өнімдерінің құжаттары тексеріледі. Мал ұрлығын ашу және оның жасалуына жол бермеу облыстық полиция басшылығының бақылауында болады.