Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

Қызылордалық полицейлер мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ мүшелерін құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

21 желтоқсан күні Қызылорда облысының ПД Жаңақорған аудандық полиция бөліміне Шиелі ауданы Бала би ауылының 60 жастағы тұрғыны арызданған. Ауыл тұрғыны өз арызында желтоқсан айының басында белгісіз біреулердің «Оқшы Ата» әулие кесенесі маңындағы жайылымнан бір бас сиырын ұрлап кеткендігін көрсеткен.

Аудандық полиция бөлімі қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы қылмысты жасауға қатысы бар үш азамат анықталып, ұсталды. Олардың біреуі облыс орталығының тұрғыны, ал қалған екеуі аудан тұрғындары болып шықты.

Полицейлер тексеру барысында ұсталған күдіктілердің осы тектес 15 мал ұрлығына қатысы бар екендігін анықтады.

Олардың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан жәбірленушілерге 2 миллион 230 мың теңге көлемінде шығын келтірілген.

Мал ұрлығы дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 2-бөлігімен (Мал ұрлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

– Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 20 қылмыстық топты құрықтады. Мал ұрлығымен айналысқан 82 адам ұсталды, өңірде биыл 215 мал ұрлығы тіркелген, – деп атап өтті Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру