Мал ұрлығымен айналысқан үшеу ұсталды
Қызылордалық полицейлер мал ұрлығымен айналысқан үш азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс көлемінде өтіп жатқан «Киік» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 12 желтоқсан күні сағат 00:30 шамасында «Самара-Шымкент» тас жолының Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылының тұсында патрульдiк полиция ротасының инспекторлары күдікті «Фольксваген Пассат» автокөлігін тоқтатқан.
Құжаттарын тексеру барысында автокөліктiң жүк салғышында құжаттары жоқ бір бас ірі қара мал бар екені және аталған азаматтардың сиырды ұрлап алып бара жатқаны анықталды. Көлікте болған азаматтардың екеуі Қызылорда қаласының, ал үшіншісінің облыс тұрғыны екені анықталып, олар оқиға орнында ұсталды. Сиыр алынды. Қазіргі уақытта күдіктілер Жаңақорған ауданының ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар тексеру барысында күдіктілердің бұдан бөлек мал ұрлығының 10 – нан аса дерегіне қатыстылығы дәлелденді. Олар облыстың үш ауданының аумағында мал ұрлаумен айналысқан.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 2-бөлігіне (Мал ұрлау) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Полицейлер күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.