Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мал ұрлығына қатысты қылмыстық істер сотқа жолданды

Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығына қатысты қылмыстық істерді сотқа жолдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін брифингте Төлеби АПБ-нің бастығы Бауыржан Жанаев Түркістан облысының алты ауданының аумағында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтарға қатысты тергеудің аяқталғаны туралы хабарлады.

– Төлеби АПБ тергеушілерінің іс жүргізуінде Түркістан облысының алты ауданында мал ұрлаған екі қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу материалдары болған. Мал ұрылары барлығы 58 жылқы мен 20 бас ірі қара малды ұрлап, жәбірленушілерге 40 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Екі жыл ішінде полиция бөліміне ондаған жәбірленуші арызданған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, белгісіз біреулер жайылымдар мен қора-жайлардан олардың жылқы, сиыр және қойларын жымқырған. Жергілікті тұрғындардың барлық өтініштері СДТБТ-ға ҚР ҚК 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркелді.

Жасалған қылмыстардың ауырлығын ескере отырып, мал ұрыларын ұстауға тәжірибелі жедел уәкілдер мен жергілікті полиция қызметкерлерінен тұратын арнайы топ құрылды. Күдіктілерді іздеуге Төлеби АПБ-нің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Түнгі рейдтер жүргізілді, жолдарда «тосқауылдар» орнатылды. Мал тасымалдаумен айналысатын автокөліктер мен үй жануарларын сойып, сататын орындар тексерілді. Жергілікті тұрғындар мен ықтимал куәгерлерден жауап алынып, базарлар мен басқа да мал өнімдерін сататын орындар қаралды.

Нәтижесінде біз, екі қылмыстық топтың ізіне түстік. Оларды ұстау күздің басында Сарыағаш, Төлеби аудандарында және тұрғылықты жері бойынша Шымкент қаласында жүргізілді. Алдымен үш адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды, олардың біреуі ұрланған малды сатып алушы. Күдіктілер аудан аумағында мал ұрлығының бес жайтына қатысы бар болып шықты. Бір аптадан кейін бес адамнан тұратын және облыстың алты ауданының аумағында мал ұрлығымен айналысқан екінші қылмыстық топ ұсталды. Мал ұрылары тек Төлеби ауданының өзінде сегіз мал ұрлығын жасаған.

Тергеушілерге осы істерге қатысты дәлелдер базасын жинау үшін қажырлы және мұқият жұмыс қажет болды. Себебі, күдіктілердің көбісі бұрын сотталған, бірнеше рет мал ұрлығына барған әккі қылмыскерлер болды. Тергеу барысында бір қылмыстық топтың ұрланған малды ауыр жүк көлігімен алып кеткені анықталды. Ал екінші қылмыстық топ малды айдап әкетіп, өз аулаларында жасырған. Бүгінгі таңда сегіз күдікті адам қамауда, олардың бесеуі бұрын осындай қылмыстары үшін сотты болған. Олардың барлығы Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары. Сондай-ақ ұрланған малды сатып алушы төрт адам ұсталды. Бүгінде ұрланған 40-тан астам жылқы заңды иелеріне қайтарылды.

Қазіргі уақытта екі қылмыстық топқа қатысты айыптау актісімен сотқа дейінгі тергеу материалдары іс жүргізу шешімін қабылдау үшін сотқа жолданды, – деп қорытындылады Бауыржан Жанаев.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болу және өз мүлкін немесе жайылып жүрген малын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ мүмкіндігінше малға ен-таңба салдырту қажет, ал қора-жайларын мықты қоршаумен және жарықпен қамтамасыз ету керек. Егер сіз мал ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полициядан көмек сұраңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру