Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мал ұрлығына қатысы бар 3 жігіт ұсталды

Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығына қатысы бар үш жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам АПБ-не жергілікті тұрғын ұрлықтың құрбаны болғандығы жөнінде арызданған. Онда түнгі сағат 03:30-дер шамасында тұрғылықты үйінің жанындағы бау-бақшасынан екі бұқасын белгісіз біреу ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленуші азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі 200 мың теңге. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Осы оқиғаға байланысты тәжірибелі полиция қызметкерлері жұмылдырылып, жедел іздестіру шараларына бірден кірісті. Куәгерлерден жауап алды. Нәтижесінде күдікті ретінде үш жігіт анықталып, ПБ-ге жеткізілді.

Тергеу барысында анықталғандай күдіктілер өзара келісіп, тұрғынның бақшасынан бұқаларды айдап шығып, ауыл сыртына әкеткен. Содан көрші ауылға алып барып, 210 мың теңгеге сатқан. Ақшасын бас пайдаларына жаратып жіберген. Айғақты зат ретінде қолды болған екі бұқа табылып, өз иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда күдікті жігіттерге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Бас шаралары қолхатта.

Өз кезегінде, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына қырағы болуға және өз мүлкін сақтау үшін қажетті шаралар қабылдауға кеңес береді. Мүмкіндігінше аулалар мен қора-жайларын сенімді құлыптармен және қоршаулармен нығайтқаны жөн. Малды таңбалап, ен салдыру керек. Сондай-ақ бақташы жалдау қажет. Егер сіз мал ұрлығының болмаса басқа біреудің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру