Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мал ұрлығының 14 жайтына қатысы бар қылмыстық топ құрықталды

Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығының 14 жайтына қатысы бар қылмыстық топты құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мал ұрлықтарын ашу мен болдырмау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Осындай кезекті жедел іздестіру шаралары кезінде Келес ауданында бірнеше мал ұрлығына қатысы бар қылмыстық топ ұсталды.

– Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, үш бас сиырының жайылымнан ұрланғаны бойынша шағым түсірген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алынды. Хабарлама алысымен Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы мен келестік тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобын құрдық. Тәжірибеге сүйене отырып, ұрылардың ізіне түсу үшін шұғыл және жоспарланған әрекеттерді жүзеге асырдық. Мал жайылымдарына шығып, тиянақты тексерулерді ұйымдастырдық. Көрген-білгендерден жауап алып, жан-жақты сұрастыру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде, күдікті ретінде жергілікті тұрғынның жеке басы анықталып, оны тұрғылықты мекенжайынан ұстадық. Тексеру кезінде күдікті жас жігіт өзімен бірге мал ұрлығымен айналысқан, яғни қылмысты ұйымдастырушы тағы бір күдікті мен ұрланған малдарды сатып алушы сыбайластары бар екенін айтты. Осыдан соң қалған азаматтарды ұстау жұмыстарын жүргізіп, алты бірдей күдіктіні қолға түсірдік. Яғни, жалпы ұсталған жеті күдіктінің төртеуі жергілікті тұрғын болса, қалған үшеуі Мақтаарал ауданының тұрғындары. Оның ішінде күдіктінің бірі бұрын сотты болған. Ал шығын көлемі 10 млн теңгеден асқан. Тиянақты тексеру мен зерделеу барысында осы ұсталғандардың 14 жайт мал ұрлығына қатысы барын анықтадық, – деді Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.

Белгілі болғандай, күдіктілер қылмыс жасау барысында өз рөлдерін алдын ала жоспар бойынша орындаған. Мысалы, басты күдікті мал жайылымында қараусыз жүрген жылқы, сиырларды байқаған бойда, өзінің ұсақ малдарына қосып айдап әкетіп отырған. Содан сыбайласы екеуі ұрланған 28 үй жануарын сатып алушыларға, қасапшыға арзан бағада өткізген. Олар ұрлаған олжаларын ГАЗель көлігімен тасымалдаған.

– Біз айғақты зат ретінде қылмыстық топтан ГАЗель көлігін, алты жылқы мен екі сиырды тәркілеп алдық. Дәл қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталғандардың бұрын жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексерудеміз, – деп атап өтті  Қ.Сахов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру