Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мал ұрлығының алдын алу бойынша шаралар қабылдануда

Жамбыл облысының полиция қызметкерлері мал ұрлықтарының алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мәселен, қараша айында Шу ауданының 29 жастағы тұрғыны белгісіз біреулердің жайылымнан үш  қойын ұрлағаны туралы полицияға арызданған. Келтірілген шығын сомасы 150 000 теңгені құрады.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-1-бабының 3-бөлігі (Мал ұрлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Полиция қызметкерлері қабылдаған шаралар нәтижесінде сол күні осы қылмысты жасаған аталған ауданның 27 жастағы тұрғыны ұсталды.

Осыған ұқсас ұрлық деректерінің уақтылы жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мал иелерімен мал басын чиптеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мал туралы енгізілетін мәліметтер базасы мал иесін оңай анықтауға көмектеседі, ал малдағы белгі оны тасымалдауда ұрыларға қиындық тудырады.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 3,5 млн. мал чиптеліп, тіркелген, оның ішінде 6 226 түйе, 443 052 ірі қара мал, 118 297 жылқы, 2 972 452 ұсақ мал бар.

Жыл басынан бері учаскелік полиция инспекторы мен жол-патрульдік полициясы қызметкерлері ілеспе құжаттарсыз мал тасымалдаудың 58 дерегін анықтады, олар бойынша аудандық полиция бөлімдеріне 608 бас мал, оның ішінде 123 бас жылқы,193 бас ірі қара және 292 ұсақ мал жеткізілді.

Жамбыл облысының Полиция департаменті барлық азаматтарды қырағылық танытуға және малдарын қараусыз қалдырмауға немесе күмән тудырған адамдарға сенбеуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру