Мал ұрысы 5 жылға сотталды
Қорадан мал ұрлаған күдіктілер бес жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау АПБ-ға ауыл тұрғыны ауласындағы қорадан сегіз бас сиырының жоғалғаны туралы арызданады. Ер адамның айтуынша ол үйінде болмаған кезде қорадағы ірі қараларын белгісіз біреулер жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі екі миллион теңгені құрайды. Аталған жайтты полицейлер тез арада ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды. Осыдан соң оқиға орнына аттанып, жедел шараларды жүргізді. Мал таситын көліктерді, мал базарларды түгел тексеріп шықты. Небары бір күн ішінде жедел уәкілдер сегіз бас сиырды төрт жергілікті тұрғынның жымқырғанын анықтады. Күдіктілер көршілес ауылдың тұрғындары екен. Олардың үшеуі ұсталып, біреуіне іздеу жарияланады. Ұсталған үшеуге қатысты тергеушілермен тергеу амалдары жүргізілді.
Белгілі болғандай күдіктілер жәбірленушінің үйінде жоқ екендігін пайдаланып, алдын ала сөз байласып, өз арам істерін іске асырған. Содан соң сиырларды таныстарының үйіне алып барып, сол жерде екі сиырды сойған. Етін өзара бөліп алған. Ал қалған сиырларды сойып немесе сатып үлгермейді. Өйткені арыз түскеннен соң жедел әрекетке көшкен полицейлер оларды қалған алты сиырмен бірге сол күні ұстап, тәркіленген ірі қараларды иесіне қайтарды.
Күдікті төрт ер азаматтың үшеуіне қатысты іс сотқа жолданып, соттың шешімімен бес жылға бас бостандықтарынан шектеу жазасы тағайындалды. Ал іздеуде болған төртінші күдікті жақында ұсталып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Іс толық аяқталып, құжаттар жинақталғаннан соң оның да ісі заңға сәйкес сотқа жолданатын болады.
Полицейлердің көмегіне жүгініп, алты бас сиырын қайтарып алған ауыл тұрғыны тәртіп сақшыларына шынайы алғысын айтты.
– Полицейлер бірден іздестіру жұмыстарын жүргізіп, малдарымды қайтарып берді. Үлкен рақмет!, – деп ризашылығын білдірді.
Полицейлер облыс тұрғындарына ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне мүмкіндік бермеңіз.