Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Мал ұрысы" ЖПІШ: СҚО-да полиция профилактикалық жұмысты жалғастырып жатыр

"Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жұмыс істеп жүрген Аққайың ауданының полицейлері ауыл тұрғындарының бірінің үйінің маңында үйілген шөптің арасынан тегіс ұңғылы тіркелмеген екі аңшы мылтығын тауып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Олардың бірі сирек кездесетін Бердан мылтығы болып шықты. Қарудың бұл түрін кеңестік кинофильмдерде орманшылар мен партизандардың қолынан жиі көруге болады. XIX ғасырда Бердан-2 винтовкалары әскердің қолданысында болған. Кейін олардың қалған даналары аңшылық қару ретінде сатылған. Бұл үшін мылтықтарды бытырамен атуға болатындай етіп зауыттық тәсілмен өзгерткен. Сарапшылардың бағалауынша, аққайыңдық тұрғынның мылтығы 1935 жылға дейін жасап шығарылған.

Ер адамның айтуынша, оны арғы атасы пайдаланған. Алайда отбасылық көне мылтықпен қош айтысуға тура келді. Бұдан бөлек, тіркелмеген қаруды сақтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшылары мұраға қалған қаруды тіркеуді немесе полицияға өз еркімен тапсыру керектігін еске салады.

11 наурызда басталған "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер СҚО-да заңсыз сақталған 15 бірлік қару тәркіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру