Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Мал ұрысы" ЖПІШ: Түркістан облысында полиция 50-ден астам малды иесіне қайтарды

Түркістан облысының аумағында полицейлер "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазығұрт ауданында полиция қызметкерлері іс-шараның алғашқы тәулігінде мал ұрлығының бір дерегін анықтап, екі күдіктіні ұстады. Олардан ұрланған мал тәркіленді.

Сондай-ақ іздеу шаралары барысында мал иелеріне жалпы 55 бас төрт түлік қайтарылды. Оның ішінде 22 жылқы мен 33 бас ұсақ мал бар. Оған қоса полицейлер ветеринариялық инспекциялар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдерімен бірлесіп рейдтер жүргізді. Нәтижесінде иесіз мал жаюдың 48 фактісі анықталып, 579 бас үй жануары қораларға қамалды. Мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін 75 адам жауапқа тартылды, ал 39 адамға қатысты мал мен ет өнімдерін заңсыз тасымалдағаны үшін әкімшілік хаттамалар жасалды.

Одан бөлек, Түркістан облысы ПД криминалдық полиция қызметкерлері, ветеринарлық инспекциямен және әкімдікпен бірлесіп, Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында 6 мал сою орнын тексерді. Нәтижесінде ветеринария саласындағы құқық бұзушылықтар үшін 30-дан астам әкімшілік хаттама толтырылды.

Полицейлер мал ұрлығының алдын алу, құқық бұзушылықтарды анықтау және малды заңсыз тасымалдау, сондай-ақ базарлар мен ет өнімдерін сату пункттерінде тиісті құжаттардың бар-жоғын тексеру бойынша іс-шараларды жалғастырып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру