Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мал ұстауда жауапкершілік қажет: полиция түсіндіру жұмыстарын жүргізуде

Павлодар облысында иесіз жайылып жүрген мал үшін 800-ге жуық мал иесі жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері күн сайын ауыл шаруашылығы жануарларының тас жолдарға және автожолдарға шығуының алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар өткізуде.

Мәселен, Павлодар – Қызылорда республикалық трассасында жол жиегімен еркін жүріп бара жатқан иесіз ірі қара мал анықталды. Бұл жағдай жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін еді.

Полиция қызметкерлері мал иелерін жедел анықтап, оларды мал жаю ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар үй жануарларын қараусыз қалдыруға болмайтыны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бүгінде облыс аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын уақытша ұстауға арналған 146 арнайы айыптұрақ жұмыс істейді. Жыл басынан бері бұл орындарға 5765 бас мал жеткізілген.

Бұдан бөлек, учаскелік полиция инспекторлары ауыл тұрғындарын, шаруа қожалықтарын, фермалар мен жайылымдық нүктелерді аралау кезінде мал иелерімен, бақташылармен профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Олар мал жаю ережелерін, заңнама нормаларын түсіндіріп, жайылымға немқұрайлы қараудың салдары мен жауапкершілігін ескертіп отырады.

Полиция қызметкерлері азаматтарды мал жаю ережелерін сақтап, қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру