Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мал жайылымында жайылып жүрген жылқылар жоғалып кетті

Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғынына жоғалып кеткен жылқыларын бір тәулікте тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, бір үйір жылқысы жоғалғаны туралы хабарлаған. Ауыл тұрғынының айтуынша, Аққолтық ауылының батыс бағытында шамамен 10 шақырым қашықтықта орналасқан «Қарақұл» атты мал жайылымында жайылып жүрген 13 бас жылқысы белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Ер адам өз бетімен жылқыларды табуға тырысқан, 10 күнге созылған іздеу жұмыстары сәтсіз аяқталған соң, полициядан көмек сұраған.

Тәртіп сақшылары бұл жайтты полиция бөлімінде тіркеп, жоғалып кеткен жылқыларды іздеуге кірісті. Созақ АПБ-де полиция қызметкерлерінен бірнеше мобильдік топ құрылды. Олар жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, куәгерлерден жауап алды, сондай-ақ мал тасымалдайтын автокөліктерді тексеріп, басқа да қажетті шараларды жүзеге асырды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Созақ АПБ-нің учаскелік полиция инспекторы Марат Тукушев келесі күні-ақ жоғалып кеткен жылқыларды тапты. Яғни бірнеше тау асып, ұзап кеткен жылқыларды Қаратау тау бөктерінен тауып, заңды иесіне қайтарды.

Өз кезегінде, Созақ ауданының тұрғыны Нұрсерік Бегімбетов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне жоғын тауып беріп, сүйінші хабар жеткізгені үшін шынайы алғысын білдірді:

– Менің 13 жылқым жоғалып кетті. Оларды өзім табуға тырысып, 10 күндей уақыт жоғалттым.Содан кейін ғана полицияның көмегіне жүгіндім. Тәртіп сақшыларына рахмет, олар бір күн ішінде тапты. Полицейлерге алғыс айтып, жұмыстарына табыс тілеймін!, – деп алғысын айтты.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға үй жануарларын қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Мал жаю үшін бақташы жалдау керек. Төрт-түлікке ен-таңбаларын салдырту қажет. Сонымен қатар, үй жануарлары жоғалған немесе ұрланған жағдайда, өз бетінше іздестіріп уақыт жоғалтпай, тез арада «102» телефоны арқылы полицияға хабарлаңыздар деп кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру