Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Малды ұрлап кеткен азамат анықталды

Түркістан облысының полицейлері мал ұрламақ болған күдіктінің жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша, ауылдан 5-6 шақырым жерде орналасқан жайылымда жүрген жерінен бір бас сиыры жоғалып кеткен. Өз бетінше іздеп көрген, алайда еш нәтиже болмаған соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Жәбірленуші ер азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі 200 мың теңге. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Полицейлер толық құрамда оқиға орнына жедел жетіп, куәгерлерден жауап алады. Содан соң айналаны бір шолып шығады. Нәтижесінде жолда жоғалған сиырды жетектеп кетіп бара жатқан күдікті азаматты көреді. Оны тез арада ұстап, ПБ-не жеткізеді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.

Тергеу барысында анықталғандай жәбірленуші сиырын жайылымға бос жіберген. Содан соң қараусыз жүрген малды көрген күдікті оңай жолмен ақша табуды көздейді. Айналада адамдардың жоқтығын пайдаланып, сиырды жетектеп өзімен алып кеткен. Бар ойы сиырды сатып, пайдаға кенелу болған. Алайда полицейлердің қырағылығының арқасында арам ойы іске аспай, жарты жолда күдікті азамат қолға түсті. Осылайша тәртіп сақшылар қолды болған сиырды өз иесіне қайтарып, алғысын алды.

Түркістан облысының полицейлері мал иелеріне сақ болуға және мүліктерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ, малға ен-таңба салдыруды ұмытпаңыз. Мал ұрланған немесе жоғалған жағдайда дереу полицияға «102» телефоны бойынша хабарласу керек. Бұл өз кезегінде қылмысты «ізін суытпай» ашуға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру