Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Мамандығы бойынша үздік» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

Қостанай қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен «Мамандығы бойынша үздік» республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шара барысында учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция қызметкерлері мен патрульдік полицейлер өзара бақ сынап, үздіктер анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ІІМ басшылығы тарапынан марапатталып, қызметтегі жоғары кәсібилігі үшін құрметке ие болды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында 19-22 қараша аралығында учаскелік инспекторлар, ювеналды инспекторлар және патрульдік полиция қызметкерлері арасында ұйымдастырылған «Мамандығы бойынша үздік» республикалық кәсіби шеберлік байқауы өз мәресіне жетті.

Байқаудың жабылу рәсімінде жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті. Жүлделерді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев табыстады. Ол өз сөзінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, олардың азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлінің ерекше екенін атап өтті.

Байқау қорытындысы бойынша «Үздік учаскелік полиция инспекторы» номинациясында бірінші орынды БҚО ПД Орал қалалық полиция басқармасының қызметкері Юрий Полунин иеленді.

«Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі үздік учаскелік полиция инспекторы» атағы Қостанай облысы полиция департаментінің Қостанай қалалыщ полиция басқармасының аға учаскелік инспекторы Данагүл Каримоваға бұйырды. Ол мерзімінен бұрын полиция майоры атағын алды.

«Үздік патрульдік полицей» номинациясында бірінші орынға Қостанай облысы полиция департаментінің Қостанай қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Талғат Аулабаев лайық деп танылды.

Екінші және үшінші орын алған қатысушылар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар байқауға қатысқан барлық үміткерлерге ІІМ грамоталары табысталды.

Қостанай академиясының бастығы Ақынқали Дәрменов байқауға қатысушылар мен іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқандарға ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Ол бұл байқаудың ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттырып, олардың жұмысына тың серпін беретінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру