Мамандығын өзгертіп, мемлекет қауіпсіздігіне үлес қосқан инспектор
Кейбір армандар уақытпен өлшенбейді. Олар жүректе сақталып, өз сәтін күтеді. Осындай бала күнгі арманын өмірлік мақсатына айналдырған жандардың бірі – Римма Сидихова. Бүгінде ол Атырау қаласы полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің инспекторы болып қызмет атқарады. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Римма Жексенбаевна 1985 жылғы 1 желтоқсанда дүниеге келген. 2006 жылы экология мамандығын тәмамдап, кейін құқық саласына деген қызығушылығының артуына байланысты 2012 жылы заңгер мамандығын бітірді. Дегенмен, отбасылық жағдайына байланысты полиция қатарына бірден қосылу мүмкін болмады. Жолдасы да құқық қорғау органдарында қызмет атқарғандықтан, жас отбасы үшін бір полиция қызметкері жеткілікті деген ортақ шешім қабылданған.
Алайда бала күнгі арман жүректен өшкен жоқ. Балаларын тәрбиелеп, өмірлік тәжірибе жинақтаған соң, 2021 жылы жолдасының қолдауымен көші-қон қызметіне қабылданды. Қызметке қабылдану барысында өз табандылығы мен кәсіби дайындығын дәлелдей білді.
Қазіргі таңда ол – екі баланың анасы. Үлкен қызы медицина колледжінде білім алуда және таэквандо спортымен айналысып, бірқатар жарыстарға қатысады. Ұлы – мектеп оқушысы, футболдан жүлделі орындарға ие болып жүр.
- Көші-қон қызметіндегі жұмыс – жоғары жауапкершілікті талап ететін бағыт. Қалаға шетел азаматтары негізінен Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Қытай елдерінен жиі келеді. Біз шетел азаматтарының құжаттарын тексеру, тіркеу және олардың Қазақстан Республикасы аумағында болу заңдылығын бақылаймыз. Бұл мемлекеттік қауіпсіздікпен тікелей байланысты сала. Мәселен, заң талаптарын бұзатын шетелдік азаматтар мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіріп қана қоймай, экономикалық шығындарға да себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар өздері де құқықтық қорғансыз қалып, түрлі қиын жағдайларға тап болады. Бүгінде көші-қон саласы қарқынды жаңғыртылып отыр, мысалы құжаттарды электронды форматта рәсімдеу, онлайн тіркеу, биометриялық жүйелерді енгізу – қызмет сапасын арттырып, бақылауды күшейтуге мүмкіндік беріп отыр, - дейді полиция қызметкері Римма Сидихова.
Офицердің айтуынша, көші-қон саласындағы ең басты қағида – сабырлылық пен заң талаптарын мүлтіксіз сақтау. Кей жағдайда азаматтар құжат мерзімінің өтіп кеткенін байқамай жатады. Мұндай сәттерде заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құқықтық тәртіп сақталады.
Римма Сидихованың өмір жолы арманға адалдық пен табандылықтың үлгісін көрсететіндей. Оның құқық қорғау органына келуі - қызметке деген сүйіспеншілік пен отбасы құндылықтарының үйлесімді сабақтастығын айқын дәлелдейді.
