Маңғыстау облыстық ПД-да ардагерлер мен жас мамандар кездесті
Қазақстан полициясы күніне орай Маңғыстау облысы полиция департаментінде "Тәлімгерлерім – мақтанышым" атты кездесу ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның мақсаты – ішкі істер органдарындағы ұрпақтар сабақтастығын сақтау, жас қызметкерлерге кәсіби бағыт-бағдар беру және полиция қызметінің маңызын түсіндіру. Кездесу барысында жас мамандар департамент музейіне барып, ішкі істер органдарының даму тарихымен танысты.
Шара аясында ішкі істер органдарының ардагерлері жас буынмен өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, қызмет барысындағы жауапкершілік, тәртіп пен адалдық туралы маңызды кеңестерін айтты. Жиынға қатысқан ардагерлер – полиция полковниктері А.Қуанышкереев, М.Садақбаев және Қ.Мошанов өз кезегінде жас мамандарға елге қызмет ету – абыройлы міндет екенін жеткізді.
Кездесу соңында ПД бастығының орынбасары Б.Утаргалиев жас қызметкерлерге қызметтік куәліктерін табыстап, олардың алдағы жұмысына сәттілік тілеп, заң мен тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың ортақ борышы екенін атап өтті.