Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облыстық ҚАЖД қызметкерлері Білім күні қарсаңында ұстаздарына қоңырау шалды

Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаменті қызметкерлері Білім күні қарсаңында ұстаздарына қоңырау шалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №77 мекемесінің қызметкерлері арадағы қашықтыққа қарамастан, ұстаздарына қоңырау шалып, балалық шақтағы қызық жағдайларды еске алды. ҚАЖ қызметкерлері Азат Шабиков, Гүлдана Біләл және Әділет Сисенбаев оқушы кездерін жылы лебізбен еске түсіріп, ұстаздарына алғыстарын білдірді.

Салмақты бала болған Азат Шабиков өзінің ұстазы, тарих пәні мұғаліміне қоңырау шалып, бір кездері мектепке портфельсіз келгенін еске алды. Бұл оқиға сыныпта аңызға айналған еді, себебі ол әрдайым оқуына жауапты қарайтын.

Үздік оқушы болған Гүлдана Біләл математика пәнінен берген ұстазына қоңырау шалып, алғаш рет 4 деген баға алған сәттегі эмоциясымен бөлісті. Ол сол кезде көз жасын тыя алмай жылаған болатын. Гүлдана ерекше сәттерді еске алып, тек білім емес, өмірлік тәлім берген ұстазына алғысын білдірді.

Ал Әділет Сисенбаев өзінің сынып жетекшісіне хабарласып, бала кезінде жасаған тентектіктерін еске алды.

– Мен бір күні сыныптастарымды алдап, портфелімді шкафқа тығып қойғаным есіңізде ме? Сіз сол кезде болашақта стандартты емес шешім табу қабілетімнің пайдасын тигізетінін айтқан едіңіз. Сіз сол кезде дұрыс айтқан екенсіз, – деді Әділет.

ҚАЖ департаменті қызметкерлері осы қоңыраулар арқылы ұстаздарына алғыстарын білдіріп, оларға ерекше құрмет көрсетті. Балалық шақтағы қызық оқиғалар мен мектеп партасындағы күндерді жылы еске алып, бүгінгі жетістіктерін сол ұстаздардың еңбегінің нәтижесі деп біледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру