Маңғыстау облыстық ҚАЖД қызметкерлері оқушылармен профилактикалық кездесу өткізді
Маңғыстау облыстық ҚАЖД қызметкерлері оқушылармен профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №43 мекеме қызметкерлері Ақтау қаласындағы №13 мектеп-гимназиясының оқушыларымен профилактикалық кездесу өткізді.
Іс-шараның мақсаты — жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіру және жеке жауапкершілікті қалыптастыру.
Кездесу барысында №43 мекеменің жасақ бастығы Азатбек Ақпанбет оқушыларға заң талаптарын бұзудың салдары туралы түсіндіріп, бір сәттік қателіктің адамның тағдырына, сондай-ақ оның айналасындағы жандардың өміріне қалай әсер ететінін нақты мысалдар арқылы жеткізді.
Сонымен қатар оқушыларға кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс тақырыбында бейнеролик көрсетілді. Іс-шара аясында қоныс-колониясында жазасын өтеп жатқан сотталғанмен тікелей бейнебайланыс ұйымдастырылды.
Аталған сотталған азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша бес жылға бас бостандығынан айырылған. Қазіргі уақытта ол жазасының екі жылын осы мекемеде өтеп отыр. Жол-көлік оқиғасының салдарынан бір адам қаза тапқан.
Zoom платформасы арқылы тікелей байланыс кезінде сотталған өз өмірлік оқиғасымен бөлісіп, жіберген қателігі үшін өкінетінін айтты. Ол төрт баланың әкесі екенін, бостандықта ата-анасы мен отбасы күтіп отырғанын атап өтіп, оқушыларды заңды қатаң сақтауға, әсіресе жол қозғалысы ережелерін бұзбауға шақырды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыруға және жасөспірімдер арасында заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған.
