Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД-да АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша акция өтті
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД-да АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша акция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД Бейнеу аудандық пробация қызметі жергілікті медициналық мекемелермен бірлесіп, АИТВ инфекциясының алдын алу мақсатында маңызды акция ұйымдастырды. Шара аясында есепте тұрған азаматтарға қауіпті инфекцияның таралу жолдары, қорғану әдістері және ерте диагностика жасаудың маңыздылығы туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Қатысушылар үшін арнайы ақпараттық дәріс өткізіліп, онда АИТВ-ның адам ағзасына тигізер зияны, жұғу жолдары мен алдын алу тәсілдері түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, бұл инфекциядан сақтанудың ең тиімді жолы — сақтық шараларын ұстану және тұрақты медициналық тексеруден өту.
Дәрістен кейін медицина қызметкерлері 25 азаматқа АИТВ-ға экспресс-тест жүргізді. Жылдам нәтиже көрсететін бұл тест инфекцияның бар-жоғын анықтап, қажет болған жағдайда дер кезінде ем қабылдауға мүмкіндік береді.
Акцияның негізгі мақсаты – АИТВ инфекциясының таралуының алдын алу, адамдардың денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру және ерте диагностикаға көңіл бөлуге шақыру. Мұндай шаралар тек қатысушыларға ғана емес, жалпы қоғамға денсаулық сақтау мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді.