Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД мекемелерінде ерекше жағдайлар режимі енгізілді

Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД мекемелерінде ерекше жағдайлар режимі енгізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Департамент бастығы Алтынбек Қалиевтің мәлімдеуінше, бұл режим Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдайды енгізу туралы жарлықтарының негізінде 2022 жылғы 19 қаңтарына дейін қолданылатын болады.

Осы кезең аралығында ҚАЖ бөліністерінің ішкі тәртіптемесі уақытша өзгертіледі. Елімізде орын алған жағдайды ескере отырып, сонымен қатар коронавирустың таралуына байланысты мекемелерде ұсталатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында Қылмыстық-атқару кодексінде көзделген сотталғандардың, сондай-ақ тергеу-қамауындағылардың құқықтарын іске асыруда уақытша шектеу шаралары қабылданады.

Ведомство басшысы атап өткендей, бұл ретте сотталғандарға сәлемдемелер заңнамада белгіленген тәртіппен берілетін болады. Кездесулер мен телефон арқылы сөйлесулер шектеледі.

– Барлық мүдделі адамдарды осы шараларға түсіністікпен қарап, шектеу шаралары аяқталғанға дейін сабыр сақтауларын сұраймыз. Сонымен қатар, тек ресми түсініктемелерге сүйенуді және жалған ақпарат таратпауды сұраймыз. Жалған ақпарат таратқан жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылғандығын ескертеміз. Мекемеде жағдай қалыпты. Сотталғандардың барлық керек-жарақтары бар. Сәлемдемелер күніне бір рет таңертең 09:00-ден 10:00-ге дейін тергеу изоляторының қасында қабылданады. Сотталғандарға ешқандай қысым көрсетілмейді. Осы жағдайларға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын, – дейді Алтынбек Қалиев.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінде 60-52-89 нөмірлі сенім телефоны жұмыс жасайды. Instagram, Facebook әлеуметтік желілердегі департаменттің парақшаларына да азаматтар жүгінуіне болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру