Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталғандар толықтай жұмыспен қамтылған

Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД №43 мекемесінде (қоныс-колония) сотталғандар еңбекпен толық қамтамасыз етілген, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтау қаласында орналасқан құрылыс нысанында сотталғандар тұрғын үй кешендерін салуға қатысып жүр. Олардың еңбекақыларының 50 пайызы сот үкімімен белгіленген залалды өтеуге аударылса, қалған бөлігі өз қажеттіліктеріне және отбасыларына жіберіледі.

Жұмыс беруші тарапынан сотталғандар жұмыс орындарына арнайы көлікпен жеткізіледі. Сонымен бірге түскі үзіліс кезінде ыстық ас беріледі.

Сонымен қатар “Еңбек-Ақтау” республикалық мемлекеттік кәсіпорнында сотталғандар нан және макарон өнімдерін шығару ісіне тартылған. Аталған өнімдер облыстағы ҚАЖД тергеу изоляторы мен қоныс-колониясын толық қамтамасыз етеді.

ҚАЖ департаменті өкілдерінің айтуынша, сотталғандарды жұмыспен қамту – олардың қоғамға бейімделуіне, пайдалы дағдыларды игеруіне және қайта қылмыс жасамауына ықпал ететін маңызды қадам.

— Бүгінде №43 мекемедегі сотталғандар еңбекке белсенді тартылған. Бұл олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік береді. Жұмыс істеген адам жаңа дағды қалыптастырады, отбасы алдындағы міндеттерін орындап, өмірін дұрыс арнаға бұруға тырысады, – дейді №43 мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының аға инспекторы Ислам Құттыбай.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру