Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері оқушылармен кездесті
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылының мектеп-гимназиясының 10-11 сынып оқушыларымен оқуға және болашақта қызметке қабылдауға бағытталған түсіндіру шарасын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара Қостанай қаласындағы Шырақбек Қабылбаев атындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің академиясына оқуға шақыру және қылмыстық-атқару жүйесі саласына қызметке тарту мақсатында ұйымдастырылды.

Шара барысында департамент өкілдері оқушыларға қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызметтің ерекшеліктері, ІІМ жүйесіндегі жоғары оқу орындарына түсу тәртібі, оқу шарттары, сондай-ақ оқу аяқталғаннан кейінгі қызметке орналасу мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, болашақ үміткерлерге қойылатын талаптар, кәсіби және моральдық-этикалық жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Түсіндіру жұмысына аталған академияның түлектері - бүгінде қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет атқарып жүрген мамандар да қатысып, оқу барысындағы тәжірибелерімен, курсанттық өмірдің ерекшеліктерімен және қызмет жолындағы алғашқы қадамдарымен бөлісті.

Кездесу ашық форматта өтіп, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді. Шара жастардың құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға бағыт берді.
Аталған бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас буынды оқуға және мемлекеттік қызметке тартуға ықпал ететін болады.
