Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері сарбаздармен кездесті
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері 51809 әскери бөлімінің сарбаздарымен ерекше кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл шарада болашақ өмір жолын айқындауға бағыт-бағдар беріліп, сарбаздарға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсу мүмкіндіктері таныстырылды.
Кездесу ресми дәріс түрінде емес, еркін форматта, ашық әңгімелесу үлгісінде өтті. Қызметкерлер өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, ішкі істер органдарында қызмет етудің жауапкершілігі мен мәртебесі туралы жан-жақты баяндады. Сондай-ақ оқу мен мансаптық өсу жолдары, академиядағы заманауи білім беру жүйесі және құқық қорғау қызметінің қыр-сыры нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
Шараның басты мақсаты – сарбаздарға ішкі істер саласының маңыздылығын түсіндіріп, олардың болашақта осы бағытта кәсіби даму жолын таңдауына ықпал ету. Қызметкерлер бұл кездесудің жастардың саналы таңдау жасауына көмектесетінін атап өтті.
– Бұл кездесу біз үшін үлкен мотивация болды. Құқық қорғау саласында қызмет етудің қаншалықты маңызды әрі абыройлы екенін тереңірек түсіндік, – дейді шараға қатысқан сарбаздардың бірі.
Кездесу соңында сарбаздар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ішкі істер органдарындағы қызметке деген қызығушылықтарын білдірді. Осылайша, бұл шара тек ақпарат алмасу алаңы ғана емес, олардың болашағына бастар жолдың алғашқы қадамына айналды.