Маңғыстау облысы ПД басшылығы ІІО ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшылығы ІІО ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлы мерекеге орай Полиция департаментінің бастығының орынбасары Болатбек Ақшауов және облыстық ІІО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нағашыбай Жариев облыстың ішкі істер органының және тыл ардагері Еділхан Нұрмановтың шаңырағында болды.
87 жастағы ардагерге жергілікті ПД бастығы Аян Дүйсембаевтың алғыс хаты мен Ішкі істер министрінің құттықтау хаты табыс етілді. Сондай-ақ, арнайы дайындалған сыйлықтарын тарту ете отырып, ведомство басшылығы ардагерге зор ризашылығын білдірді.
Айта кету керек, Маңғыстау полицейлері ішкі істер органдарының ардагерлеріне үлкен қамқорлықпен қарайды. Бұл жандардың ерліктерін есте сақтау және құрметтеу, оларға лайықты болу – ұрпақтан ұрпаққа берілетін өсиет.