Маңғыстау облысы ПД бастығы азаматтарды жеке қабылдады
Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов азаматтарды жеке қабылдап, қабылдау барысында өңір тұрғындарының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметіне қатысты өзекті мәселелер бойынша өтініштері қаралды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жеке қабылдау полиция қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігі қағидаттарын іске асыру аясында өтті. Іс-шараға департаменттің салалық қызметтері мен бөлімшелерінің басшылары қатысып, келіп түскен өтініштерді жан-жақты әрі жедел қарауға мүмкіндік берді.
Қабылдау барысында департамент бастығы 20 азаматты, оның ішінде бейнебайланыс арқылы онлайн форматта да қабылдады. Бұл шалғай елдімекендердің тұрғындарына полиция басшылығына тікелей жүгінуге мүмкіндік берді.
Өтініштердің басым бөлігі алаяқтық фактілері бойынша тіркелген қылмыстық істердің тергелу барысына қатысты болды.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы әрбір өтініш иесін мұқият тыңдап, ұсынылған материалдарды зерделеп, қолданыстағы заңнама аясында түсіндірмелер берді. Бірқатар қылмыстық істер бойынша тергеу бөлімшелерінің басшыларына тергеуді жандандыру, қосымша тергеу және процестік іс-шаралар жүргізу, сондай-ақ заңды шешімдер қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Алаяқтық бойынша қылмыстық істерде жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және келтірілген материалдық шығынды өтеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
— Әрбір азаматтың өтініші жеке бақылауымда болады. Алаяқтық істері бойынша заңда көзделген барлық шаралар қабылданады, — деп атап өтті Аяғанов.
Жеке қабылдау қорытындысы бойынша барлық өтініштер белгіленген тәртіппен тіркеліп, департамент басшылығының бақылауына алынды. Азаматтарға өтініштерінің қаралу нәтижелері туралы хабарлау тәртібі түсіндірілді.
