Маңғыстау облысы қоныс колониясындағы сотталғандардың жаңа өмірге қадамы
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №43 қоныс колониясы сотталған азаматтарға еңбек арқылы жаңа өмірге қадам жасауға мүмкіндік беруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мұнда олар уақытты тиімді өткізіп қана қоймай, қоғамға пайдалы іспен айналысып, өз үлестерін қосып жүр.
Қазіргі уақытта сотталғандар жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде түрлі өндіріс салаларына белсенді араласуда. Олар қиыршық тас пен құрылыс блоктарын өндіру, пластикалық терезелер мен есіктер жасау, жиһаз құрастыру, кілем жуу, сондай-ақ құрылыс нысандарындағы әртүрлі жұмыстарды орындау сияқты міндеттерді атқарып келеді.
Мәселен, «Кете» жеке кәсіпкерлігінде 30 сотталған жұмыс істеп, Ақтау қаласындағы жылу құбырларын жаңарту ісіне үлес қосуда. Ескі құбырларды ауыстыру арқылы тұрғын үйлер мен өндірістік ғимараттардың жайлылығы мен тиімділігін арттыруға септігін тигізіп отыр.
Мұндай еңбек қызметі сотталғандардың кәсіби дағдыларын шыңдап қана қоймай, олардың қоғамға қайта бейімделуіне де оң ықпал етеді. Еңбекпен айналысу – олардың болашақта өз өмірін жаңа қырынан бастап, қоғамның толыққанды мүшесі болуына сенімді қадам.