Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында алимент төлеуден жалтарған 19 адам сот үкімімен жазаланды

Маңғыстау облысында алимент төлеуден жалтарған 19 адам сот үкімімен жазаланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметінде қазіргі таңда 970 адам есепте тұр. Олардың ішінде 19-ы кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуден жалтарғаны үшін сот үкімімен жазаланған тұлғалар.

Алимент төлеу — тек заңдық міндет емес, ата-аналық жауапкершіліктің бір бөлігі. Алайда, кейбір азаматтар бұл жауапкершілікті орындамай, соның салдарынан қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Пробация қызметінің инспекторлары сотталғандардың алименттік қарыздарын тұрақты бақылап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету арқылы олардың ресоциализациясына ықпал ету шаралары да қолға алынуда.

Мысалы Жаңаөзен қалалық пробация қызметінде есепте тұрған М. есімді азамат кәмелетке толмаған қызына алиментті уақтылы төлемеген. Оның жалпы қарызы 3 миллион теңгеден асып кеткен. Жұмысынан шығып қалғанымен, жұмыссыз ретінде тіркелмеген. Сот үкімімен ол 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу және 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту түріндегі жазаға кесілді.

Тағы бір есептегі азамат — С. есімді борышкердің де жағдайы ұқсас. Оның алименттік берешегі 2 миллион теңгеден асады. Екі баласы бар, бірақ өз міндетін орындамағаны үшін сот шешімімен 1 жыл мерзімге бас бостандығы шектеліп, 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылды.

Пробация қызметінің басты мақсаты — сотталған тұлғаларды қоғамнан оқшауламастан түзету, оларды қайта әлеуметтендіру және қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алу. Бұл бағытта пробация қызметі түрлі мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, есептегі тұлғалармен кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.

Алимент төлеуден жалтару — тек заң бұзушылық емес, баланың тағдырына жасалған қиянат. Сондықтан әр ата-ана өз жауапкершілігін сезініп, заңмен белгіленген міндеттерін орындауы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру