Маңғыстау облысында "Anti-fraud" ЖПІШ аясында интернет-алаяқтық жасаған күдікті ұсталды
Маңғыстау облысында "Anti-fraud" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында интернет-алаяқ ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы ПД киберқылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген "Anti-fraud" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Ақтау қаласының тұрғыны, 2005 жылы туған азамат анықталып, ұсталды.
Тергеу барысында күдіктінің WhatsApp мессенджері арқылы азаматтарды алдап, жалған автокөлік бөлшектерін сатуды ұсынғаны белгілі болды. Ол сатып алушылардан ақша алған соң, өз міндеттемелерін орындамай, байланысқа шықпай қойған. Тауар үшін төлемдер Kaspi Bank шоттарына аудару арқылы жүргізілген.
Қазіргі таңда ұсталған азаматқа қатысты жәбірленушілерден 5 арыз тіркелген, ал келтірілген жалпы шығын көлемі 800 мың теңгені құрайды. Азамат елден кетпеу туралы қолхат берілді, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды интернет арқылы тауар сатып алу кезінде мұқият болуға шақырады. Ақша аударудан бұрын тауардың бар-жоғын тексеріп, сатушының сенімділігіне көз жеткізіңіз. Күдік тудыратын жағдайлар орын алса, дереу полицияға хабарласыңыз.