Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында бекіре мен Қызыл кітапқа енген аңдарды заңсыз аулау деректері анықталды

Маңғыстау облысында бекіре мен Қызыл кітапқа енген аңдарды заңсыз аулау деректері анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысында табиғатты қорғау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жедел іс-шаралар барысында бірқатар заңсыздықтар анықталды. "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясындағы тексерулер нәтижесінде бекіре тұқымдас балықты заңсыз аулау және Қызыл кітапқа енген жануарларды атумен байланысты екі дерек тіркелді.

Ақтау қаласының 12-шағын ауданында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде ер адам ұсталып, одан заңсыз ауланған бекіре тұқымдас 11 дана балық табылды. Маңғыстау облысы табиғатты қорғау прокуратурасының үйлестіруімен жүзеге асқан тексеру барысында полиция қызметкерлері мен табиғатты қорғау инспекторлары Mitsubishi автокөлігінің жүк бөлігінен жалпы салмағы 287,7 келіні құрайтын балықты анықтады. Балықтар арнайы контейнерге салынып, тиісті хаттамамен рәсімделіп, балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті мекемеге тапсырылды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Сонымен қатар Қарақия ауданында да ерекше қорғалатын жануарларды заңсыз аулау фактісі тіркелді. Жүргізілген жедел іс-қимыл барысында аудан тұрғыны ұсталып, оның тұрғылықты мекенжайына тінту жүргізілді. Тінту кезінде арқарға ұқсас жануардың басы, 2 терісі және 7 сирағы тәркіленді. Бұл дерек те ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Құқық қорғау органдары Маңғыстау өңірінің табиғи байлығын сақтауға бағытталған профилактикалық жұмыстарды әрі қарай да жалғастыратынын атап өтуде. Полиция тұрғындарды табиғатты қорғау заңнамасын қатаң сақтауға, ал заңсыз аңшылыққа қатысты ақпаратты дереу хабарлап отыруға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру