Маңғыстау облысында есептегі сотталған қамауға алынды
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД Қарақия аудандық пробация қызметі тәртіпті қатаң қадағалап, сотталғандардың қоғамға қайта бейімделу жолында өз жұмысын жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан әйелдің әрекеті тәртіптің қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет көрсетті.
Пробация қызметінде есепте тұрған әйел бірнеше рет тәртіпті бұзған: уақытылы үйінде болмаған, тыныштықты бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған, тіпті пробация қызметіне хабарламай тұрғылықты аумақтан шығып кетіп қалған. Мұның барлығы, әрине, жазаның шарттарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылуына алып келді.
Бұл жағдайды бақылаусыз қалдырмай, пробация қызметі сотқа ұсыныс жолдап, нәтижесінде жазаның қалған бөлігін бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстыруға шешім қабылданды.
Пробация қызметі тәртіпті сақтау – бұл тек жазаны өтеудің шарты ғана емес, болашаққа жол ашатын қадам деп ескертеді. Егер тәртіп бұзылса, бақылау күшейтіледі.
– Біздің міндетіміз тек бақылау ғана емес, сотталғандардың тәртіп пен жауапкершілікке деген көзқарастарын өзгертіп, қоғамға оралуына мүмкіндік жасау, — деп атап өтті қызметкерлері.
Пробация қызметі өз жұмысын жалғастырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, заңды сақтауға бағытталған жұмыстарды белсенді жүргізуде.