Маңғыстау облысында күдіктілерден аса ірі көлемдегі есірткі тәркіленді
Маңғыстау облысында күдіктілерден аса ірі көлемдегі есірткі тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 қыркүйекте Маңғыстау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен прокуратура "Құқықтық тәртіп" және "Қарасора-2025" жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында арнайы жасақ "Бүркіт" сарбаздарымен және қызметтік ит Кираның көмегімен жедел-іздестіру және тінту іс-шараларын өткізді.
Мұнайлы ауданының "Южный" саяжай серіктестігі аумағында екі учаскеде есірткі заттарын аса ірі көлемде заңсыз сақтады деген күдікпен бірнеше азамат ұсталды. Гараждар мен автокөліктерді тінту барысында жалпы салмағы 62 келіден астам марихуана, қару-жарақ, байланыс және бақылау құрылғылары, сондай-ақ жалпы сомасы 32 миллион теңгеден астам қолма-қол ақша табылып, тәркіленді.
Күдіктілердің бірі процессуалдық шешім қабылданғанға дейін уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.