Маңғыстау облысында «Нелегал-2022» іс-шарасы аясында 50-ге жуық шетел азаматы елден шығарылды
Маңғыстау облысында «Нелегал-2022» іс-шарасы аясында 50-ге жуық шетел азаматы елден шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай ақ көші-қон саласында делдалдық қызмет көрсететін азаматтар тарапынан құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу және олардың жолын кесу мақсатында 6 маусым мен 10 маусым аралығында Маңғыстау облысының аумағында «Нелегал-2022» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Аталған іс-шараның қорытындысы бойынша көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 640 шетелдікке әкімшілік хаттама толтырылды, сот шешімі бойынша 47 шетел азаматы Қазақстан Республикасынан тысқары шығарылды.
Шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 123 ҚР азаматы ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша жауапкершілікке тартылды.
Шетелдік жұмыс күшін және еңбекші көшіп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тартқаны үшін 15 адам әкімшілік кодекспен жауапқа тартылып, одан бөлек, заңсыз көші-қонды ұйымдастырудың бір дерегі тіркелді.
Аталған жедел алдын алу іс-шарасы аяқталғанымен, полиция қызметкерлерінің ҚР көші-қон саласындағы заңнамасын бұзатын құқық бұзушылықтарды анықтап, оларды болдырмау үшін тұрақты негізде жұмысы жалғасатын болады.