Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында полиция құқық бұзушылықтарды азайтуға бағытталған рейд өткізді

Маңғыстау облысында полиция құқық бұзушылықтарды азайтуға бағытталған рейд өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Түнгі қаладағы балалар" профилактикалық акциясы аясында ювеналды полиция қызметкерлері учаскелік инспекторлармен және патрульдік полициямен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және түнгі уақыттағы құқық бұзушылықтарды азайтуға бағытталған кешкі және түнгі рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде өткізуде.

25 шілде мен 1 тамыз аралығында өткізілген түнгі рейдтік іс-шара барысында 94 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Олар сағат 23:00-ден кейін көшеде немесе сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз жүрген. Он бір жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Олардың ата-аналары кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс немесе ойын-сауық мекемелерінде заңды өкілінсіз жүруіне жол бергені үшін жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ кәмелетке толмаған үш жасөспірімнің жүргізуші куәлігінсіз көлік құралын басқару деректері тіркелді. Бұл өз кезегінде басқа жол қозғалысы қатысушыларына қауіп төндірген. Олардың заңды өкілдері көлік құралын жүргізу құқығы жоқ тұлғаларға басқаруға беру және жол жүру ережелерін бұзған кәмелетке толмағандарды тиісті деңгейде тәрбиелемеу деректері бойынша жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар 25 ата-ана балалар тарапынан жасалған құқық бұзушылықтардың алдын алуға шара қолданбағаны және ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды.

Жедел-профилактикалық іс-шаралар қаланың белсенді аймақтарында – аулаларда, қоғамдық орындарда, демалыс аймақтарында және ойын-сауық мекемелерінде өткізіледі. Полицияның мобильді топтары кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта анықтау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы жадынамалар тарату, сондай-ақ көшедегі құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын атқарады.

Іс-шараларға волонтерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де белсенді түрде тартылып, тұрғындар әлеуметтік желілер мен аудандық чаттар арқылы алдын ала хабарландырылады. Полиция ата-аналарды балаларының кешкі уақыттағы жүріс-тұрысына бейжай қарамауға шақырады. Ал жасөспірімдерге заңмен белгіленген шектеулерді сақтаудың маңыздылығы ескертіледі. Балалардың түнгі уақыттағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру