Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында полиция қызметкерлері Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетті

Маңғыстау облысында полиция қызметкерлері Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

15 ақпанда Маңғыстау облысы полиция департаменті ұйымдастыруымен Кеңес әскерлерінің Ауғанстан демократиялық республикасынан шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай тағылымды іс-шара өтті.

Іс-шараға департамент бастығының орынбасары Алмас Мұқан, ішкі істер органдарының ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, Мұнайлы ауданы полиция бөлімі қызметкерлері және №13 мектеп-гимназиясы КММ-нің "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушылары қатысты.

"Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран" атты шара Ауған соғысында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Бұл – батырлардың рухына көрсетілген тағзым әрі ел жадындағы өшпес ерліктің айғағы.

Жиында сөз сөйлеген Алмас Мұқан ардагерлердің қайсарлығы мен табандылығын ерекше атап өтіп, олардың ерлігі бүгінгі бейбіт өмірдің кепілі екенін жеткізді. Сондай-ақ жас ұрпаққа отансүйгіштік пен адалдықтың үлгісін көрсету – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін айтты. Кездесу барысында соғыс ардагерлері естеліктерімен бөлісіп, майдан даласындағы қиындықтар мен жауынгерлік достық туралы әңгімеледі.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Садақбаев Маңғыстау облысының азаматтарының ерлік жолына тоқталып, жас буынды елін, жерін қорғауға шақырды. Іс-шара соңында кадет сыныбының оқушылары патриоттық өлеңдер оқып, ардагерлерге құрмет көрсетті.

Сонымен қатар қатысушылар ішкі істер органдарының ардагері Бокушов Корабай есіміне ашылған арнайы кабинетке барып, оның өнегелі өмір жолын еске алды. Шараның басты мақсаты – ерлікті ұлықтау, батырларды ұмытпау және олардың тағылымды жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету. Ерлік – елге мұра, ал сол мұра – ұрпаққа мәңгілік ұран.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру