Маңғыстау облысында пробация есебінде тұрған сотталғандармен кездесу ұйымдастырылды
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД Түпқараған аудандық пробация қызметі, аудан прокуроры, әділет кеңесшісі Ануар Борашевтың қатысуымен пробация есебінде тұрған сотталғандармен кездесу ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – сотталған азаматтар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қайталама қылмыстардың жолын кесу және құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды. Кездесу барысында пробация қызметінің мамандары мен аудан прокуроры сотталғандарға олардың құқықтары мен заң аясындағы міндеттері жөнінде кеңінен түсіндірме жүргізді.
Қазіргі таңда Түпқараған ауданы бойынша пробация есебінде 70-тен астам тұлға тіркеуде тұр. Жыл басынан бері пробация талаптарын өрескел бұзып, сот жүктеген міндеттерін орындамаған 4 адамға қатысты материалдар сотқа жолданып, нәтижесінде сот қаулысымен олардың екеуі ҚАЖ мекемесіне қайтарылды.
Кездесу кезінде есепте тұрған азаматтар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі мазмұнды жауаптар берілді. Мұндай іс-шаралар пробация қызметінің алдын алу және қоғамға бейімдеу бағытындағы тұрақты әрі жүйелі жұмысының бір бөлігі ретінде алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.