Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында пробация есебіндегі азаматтарға психологиялық қолдау көрсетілді

Маңғыстау облысында пробация есебіндегі азаматтарға психологиялық қолдау көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Түпқараған аудандық пробация қызметінің бастамасымен және аудандық Отбасыны қолдау орталығының психологы Милана Елеусинованың қатысуымен пробация есебінде тұрған азаматтармен кездесу өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – есептегі тұлғалардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдесу, психологиялық қолдау көрсету және өмірлік қиын жағдайлардан шығу жолдарын табуға бағыт беру болды.

Кездесу барысында қатысушыларға жеке даму, отбасылық қатынастарды нығайту, өзін-өзі реттеу және эмоциялық тұрақтылықты сақтау тақырыптарында кеңестер берілді. Психолог тәжірибелік жаттығулар өткізіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Шара соңында маман жеке кеңес өткізіп, қатысушылардың жеке өтініштерін тыңдап, қажетті психологиялық көмек пен бағыт-бағдар ұсынды.

Қатысушылардың бірі өз әсерімен бөлісіп, былай деді:

- Психологпен әңгімелескеннен кейін өз іс-әрекетіме басқаша қарай бастадым. Қиындықтарды жеңу жеңілдеп, өмірімді жақсы арнаға бұрғым келді, – деді ол.

Түпқараған аудандық пробация қызметінің инспекторы Талғат Үтекеев те мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті:

- Біздің басты міндетіміз – есептегі тұлғаларды тек бақылауда ұстау емес, оларға қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік беру. Осындай кездесулер арқылы біз олардың сенімін арттырып, жаңа өмірге қадам басуына жәрдемдесеміз, – деді инспектор.

Осындай бірлескен іс-шаралар пробация қызметі мен әлеуметтік мекемелер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, есептегі азаматтардың қайта әлеуметтену процесіне оң ықпал етеді және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру