Маңғыстау облысында пробация қызметкерлері сотталғандарға әлеуметтік қолдау көрсетуде
Маңғыстау облысында пробация қызметкерлері сотталғандарға әлеуметтік қолдау көрсетуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚАЖ департаментінің пробация қызметі — сотталғандарға қоғамға қайта бейімделуге және өмірдің жаңа бағытын табуға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік институт. Пробация қызметінің басты мақсаты — әлеуметтік, психологиялық, медициналық және құқықтық қолдау көрсету, түзелуге жағдай жасау және құқық бұзушылық пен қылмыстың қайталануын алдын алу.
Жалпы, пробация қызметінің есебінде 852 адам бар. Жыл басынан бері жұмыс арқылы 1764 сотталған өтті. Олардың 291-і қоғамдық жұмыстарға тартылған, 1138-і бас бостандығы шектеу түріндегі жазасын өтеуде, ал 104-і шартты түрде сотталған.
FSM Social мобильді қосымшасы арқылы инспекторлар сотталғандарға әлеуметтік көмек көрсетеді. Қосымша арқылы түскен әрбір дабыл жергілікті атқарушы органдарға жолданып, арнайы комиссия сотталғандардың тұрмысын тексеріп, қажетті қолдауын береді. Биыл 258 дабыл өңделіп, оның нәтижесінде 87 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 56 адам медициналық көмек алды және 96 адам бір реттік материалдық көмекке ие болды.
Мысалы, есепте тұрған Түпқараған ауданының тұрғыны жергілікті "Түпқараған су жүйесі" МКК-ге тазалаушы болып жұмысқа орналасты. Ол жаңа өмірге алғашқы қадамын жасап, қоғамға қайта оралудағы маңызды кезеңді бастан өткергенін айтады.
Пробация қызметі және прокуратура "Біз – адамбыз, біз – біргеміз" қайырымдылық қоры және отбасы қолдау орталықтарымен бірлесіп, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік, киім-кешек және ойыншықтар жеткізді. Мектеп жасындағы балаларға оқу құралдары мен сөмкелер берілді.
Конституцияның 30 жылдығына орай "Рақымшылық туралы" Заңының аясында пробация қызметі 447 адамға қатысты материалды сотқа жолдады. Сот қарауы нәтижесінде 120 сотталған жазадан босатылып, 327 адамның жазасы қысқартылды.
Қайта қылмыс жасауға бейім немесе тәртіп немесе құқық бұзушылық жасаған сотталғандарға қызметкерлер электронды бақылау құралдарын, яғни — білезіктерді қолданды. Бұл құрылғылар арқылы тәулік бойы бақылау жүргізіледі. Жыл басынан бері 49 тәртіп бұзушылық тіркеліп, барлығына ресми ескерту берілді. Бірнеше ескертуі бар тұрғындар туралы ұсыныс сотқа жолданды.
Пробация инспекторлары учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, сотталғандардың тұрғылықты жерін жүйелі түрде тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 129 тәртіп бұзған тұлғаға қатысты сотқа жазаның түрін ауыстыру туралы ұсыныс жолданды. Олардың 101-і оның ішінде 11 білезік таққан азаматтар – жазаларының қалған бөлігін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтеуге жіберілді.
Инспекторлар өз жұмыстарын тек бақылау ретінде емес, адам тағдырын түзеуге бағытталған маңызды әлеуметтік миссия деп біледі.
Біздің міндет — қателік жасаған адамға қоғамға қайта оралуға мүмкіндік беру. Әрбір екінші мүмкіндік — жаңа өмірдің бастауы, – дейді Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы Берік Бабаев.