Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында "Қақпа алдындағы кездесу" әлеуметтік жобасы аясында тағылымды іс-шара өтті

Маңғыстауда рақымшылыққа орай сотталған әйел бостандыққа шықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысында "Қақпа алдындағы кездесу" әлеуметтік жобасы аясында тағылымды шара өтті. Облыс бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты қоныс-колонияда (№43 мекеме) жазасын өтеп жүрген әйел рақымшылыққа сәйкес бостандыққа шығып, отбасына оралды.

Мекеме қақпасының алдында оны ең жақын жандары қарсы алып, қуаныштан толқыған сәт көз жасына ұласты.

Азаматша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 304-бабы бойынша кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда еліміздің Конституциясының 30 жылдығына орай қабылданған рақымшылық заңының негізінде мерзімінен бұрын еркіндікке шықты.

Мекеме қызметкерлері бұл маңызды сәттің ерекше өтуіне алдын ала дайындық жасап, қажетті жағдай жасады. Сондай-ақ бостандыққа шыққан азаматшаға құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, қоғамға бейімделу жолдары көрсетілді.

Жақындарының ыстық құшағы, қуаныштан төгілген жас пен жүрекжарды лебіздер – жаңа өмірдің бастауына айналды.

Еркіндікке шыққан әйел рақымшылық арқылы үйіне оралуға мүмкіндік берген мемлекетке ризашылығын білдіріп, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне алғыс айтты:

- Осындай заң қабылданғаны үшін, жазаны өтеу кезінде көрсеткен қолдауларыңыз бен адами қарым-қатынасыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Енді жаңа өмірімді отбасымның жанында бастағым келеді, – деді ол.

Бұл тағылымды сәт қылмыстық-атқару жүйесінің тек бақылау мен қадағалау ғана емес, сондай-ақ сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеуге және отбасымен қауышуына жағдай жасайтынын айқындады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру