Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында ҚАЖД қызметкерлері оқушылармен "Заң және тәртіп" тақырыбында кездесу өткізді

Мұнайлы ауданында мектеп оқушыларымен "Заң және тәртіп" тақырыбында профилактикалық кездесу өтті, - деп хабарлайды  Polisia.kz.

Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Мұнайлы аудандық пробация қызметі мектеп оқушыларымен "Заң және тәртіп" қағидаты аясында профилактикалық кездесу ұйымдастырды.

Кездесуге прокуратура, полиция, спорт бөлімі және жастар орталығының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында жас ұрпаққа заңды сыйлау, өзін-өзі тәртіпке салу және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы түсіндірілді. Арнайы дайындалған бейнероликтерде жазасын өтеп жатқан адамдардың өмірлік тәжірибесі мен қателіктеріне өкініштері көрсетіліп, оқушыларға ерекше әсер қалдырды.

Балалар белсенді қатысып, сұрақтар қойып, өз ойларын ашық білдірді. Олар мектепте жақсы оқу, ата-аналарын тыңдау және басқа адамның мүлкін сыйлау сияқты жауапты әрекеттердің маңыздылығын атап өтті.

Мұнайлы аудандық пробация қызметінің бастығы Нұрлан Надиров есепте тұрған тұлғалардың өмірлік оқиғалары туралы айтып, олардың жасаған қателіктеріне өкініш білдіретінін жеткізді. Сонымен қатар балаларды дұрыс таңдау жасауға шақырды:

— Әр таңдаудың салдары бар. Біз жазалау туралы айтпаймыз, керісінше дұрыс жолға бағытталған екінші мүмкіндік туралы әңгімелейміз, — деді ол.

Кездесудің соңында оқушыларға Шырақбек Қабылбаев атындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай академиясында оқу мүмкіндіктері таныстырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жас буынды өз әрекеттеріне саналы түрде қарауға, заңға және құқық қорғау органдарына құрметпен қарауға үйретеді. Профилактикалық кездесулердің басты мақсаты – балалардың өмірлік таңдауларында жауапкершілік пен тәртіп сезімін қалыптастыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру