Маңғыстау облысында қоныс колониясының кітапханасы жаңа кітаптармен толықты
Маңғыстау облысында қоныс-колониясының кітапханасы жаңа кітаптармен толықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №43 мекемесінде бірнеше ұйым өкілдері сотталғандармен кездесті. Кездесу барысында тіл маманы Ерсұлтан Исламов, «Манар» ақпараттық-түсіндіру және талдау орталығының маманы Жасқайрат Қалмырзаев және «Шам» дамушы ортаның ұйымдастырушысы Каршыға Жәңгірхан сотталғандармен жеке дамуға, өзін-өзі тануға және өмірдегі қиындықтарды жеңуге байланысты маңызды тақырыптарды талқылап, түрлі шығармашылық кітаптарын, соның ішінде классикалық және қазіргі заманғы әдебиеттерді, өзін-өзі дамыту бойынша кітаптарды табыс етті.
Сотталғандардың жағымды мінез-құлқы мен дағдыларын дамытуға ықпал ететін кітаптарға ерекше назар аударылды.
Жазасын өтеушілер жаңа кітаптарға үлкен қызығушылық танытып, кітап оқуға және талқылауға байланысты іс-шараларға қатысуға ниет білдірді. Мекемеде атап өткендей, мұндай бастамалар сотталғандарды сәтті оңалтуға және олардың қоғамдағы толыққанды өмірге оралуына ықпал етеді.